«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейту үшін цифрлық және ақпараттық ортаны кешенді реттеуге бағытталған нормаларды қамтиды. Құрылтайдағы Үкімет сағатында Құрылтай вице-спикері Динара Закиева осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Динара Закиеваның сөзінше, құжатта онлайн ойындар, цифрлық және ақпараттық өнімдердің мазмұнын таңбалауға және сипаттауға қойылатын талаптар қарастырылған. Оларда ықтимал цифрлық қатерлер, соның ішінде ойын ішіндегі сатып алу, пайдаланушылар арасындағы байланыс және хат алмасу мүмкіндігі туралы мәліметтер болуы керек. Сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік орган мұндай өнімдерді міндетті тексеруді, яғни белгіленген талаптардың сақталуын тексеруді, мониторингті, ал бұзушылық анықталған жағдайда өнімге, қосымшаға немесе ойынға кіруді шектеу, жою және бұғаттау тетігін, сондай-ақ нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікті енгізуді ұсынады.
Дәл осындай тәсіл кәмелетке толмағандар мен электронды сауда алаңдарының маркетплейстерде тауар сатып алу кезінде өзара іс-қимылды реттеуге қатысты қарастырылып отыр.
«Тағы бір бастама бойынша барлық цифрлық платформаларда «Ата-ана бақылауы» тетіктерін енгізуді көзделген. Яғни балалар үшін тиісінше таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдерді, қосымшаларды, ойындарды тексеру енгізіледі.
Сонымен қатар, заң жобасында баланың жеке басын сенімді түрде анықтауға мүмкіндік беретін фотосуреті бар балалар ID картасын енгізу ұсынылған. Мұндай құрал мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруді, балаларды қорғауды және олардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ете отырып, 18 жасқа толғанға дейін кәмелетке толмағандарды қолдаудың бірыңғай цифрлық маршрутының негізі болады деп болжанып отыр», - деді вице-спикер.
Айта кету керек, бұл AI-Quryltai зияткерлік ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы, бұл платформаға заңнамалық ойлау мүмкіндігі бар жасанды интеллектінің моделі кіріктірілген. Динара Закиева атап өткендей, заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai-дың көмегімен жасалған барлық ұсыныстар әзірлеуші депутаттар тексеріп, қосымша пысықтады.