Ел бойынша теміржол нысандарында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2026 жылдың басынан бері 1500 астам профилактикалық жиналыс ұйымдастырылып, оған 80 мыңға жуық адам қатысты. 1 247 рейд жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша 2 067 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар атына 1 340 ақпараттық хат жолданды.
«Балалар жарақатының алдын алу бағыты бойынша 1-15 қыркүйек аралығында теміржолшылар Қазақстанның 20 өңіріндегі 370 мектеп пен 19 колледжде қауіпсіздік сабақтарын өткізді. Темір жолдағы тәртіп ережелері 35 093 оқушы мен 468 студентке түсіндірілді. Көрнекілік үшін тақырыптық материалдар қолданылды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау портында МАЗ жүк көлігі тепловозбен соқтығысқаны туралы жаздық.