Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу жоспарланып отыр. Жаңа талаптар мамандардың біліктілігін арттыруға, комиссия алу тәртібін нақтылауға және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын енгізу. Онда риелторлардың жұмыс тәртібі, клиенттермен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары нақты белгіленеді. Әсіресе, келісімшарттың мазмұнына баса назар аударылады – оның құны, комиссия мөлшері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ екі тараптың құқықтары мен міндеттері анық жазылуы тиіс.
Тағы бір маңызды ұсыныстардың бірі – риелтор қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу. Клиент риелитор кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін қаражат алатынын алдын ала білуі қажет.
Бұдан бөлек, риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланған. Министрлік қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет көрсету сапасына, кәсіби әдепке, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізу мүмкіндігін қарастырады.
«Қазірг уақытта риелторлардың кәсіби стандардарты да әзірленуде. Бұл құжат мамандардың кәсіби қызметіне қажетті білімін, дағдыларын және біліктілік деңгейін айқындайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылуда. Бұл жүйе аясында кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеуге, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады. Онымен қоса аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі пысықталуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралады.