2 қарашада Ақтау теңіз портының кірме жолындағы теміржол өткелінде МАЗ жүк көлігі тепловозбен соқтығысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТЖ мәліметінше, оқиға сағат 16:55-те күзетілмейтін, реттелмейтін теміржол өткелінде болған. Шамамен 5 км/сағ жылдамдықпен резервтік режимде келе жатқан тепловозға жүк көлігінің жүргізушісі жол бермеген.
«Оқиға салдарынан тепловоз елеулі техникалық зақым алды. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Оқиға туралы Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған.
ҚТЖ жүргізушілерді теміржол өткелдерінен өту кезінде жол белгілері мен сигналдардың талаптарын сақтап, пойыздарға жол беруге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін рельс ауыстырып жатқан жұмысшыларды пойыз қағып кеткені туралы жаздық.