4 адам мерт болды: рельс ауыстырып жатқан жұмысшыларды пойыз қағып кетті
Кеше сағат 17:15-те Мойынты-Шығанақ учаскесінің Шешенқара-Қаражанғыл аралығында ірі теміржол апаты болды, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теміржол төсемі аймағында Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындап жатқан.
«Барлық қажетті шараларға қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Төрт жұмысшы жарақаттан көз жұмды.
Орын алған оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасы бойынша «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС және Магистральдық желі дирекциясы басшыларының құрамында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері бастаған арнайы комиссия құрылды. Комиссия тексеріс жүргізу үшін оқиға орнына жедел аттанды.
Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетіледі», - делінген хабарламада.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Бұған дейін Жаңа жыл қарсаңында Астана маңы бағыттарына қосымша электр пойыздары қатынайтынын жазған болатынбыз.