Бала пәтердің есігі құлыпталып, іште қалса ата-аналар не істеуі керек - мамандар кеңесі

Бала пәтердің есігі құлыпталып, іште қалса ата-аналар не істеуі керек - мамандар кеңесі
Фото: freepik.com

Мұндай сәтте ата-аналар  уақыт жоғалтып, есікті өз бетінше ашуға әрекет жасамай, жағдайды дұрыс бағалап, қажет болған жағдайда құтқарушыларды шақыру, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Қандай жағдайда жабық есік шұғыл жағдайға айналады?

Жабық есіктің ар жағында өздігінен есікті аша алмайтын немесе көмек шақыра алмайтын кішкентай бала қалған жағдайға ерекше назар аударылу қажет. Әсіресе, пәтер ішінде газ немесе электр құрылғылары қосулы тұрса, баланың құлап жарақат алу, өрт шығу, улану немесе денсаулығына өзге де қатер төну ықтималдығы болса, жағдай аса қауіпті.

Мұндай жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалып, жабық есіктің ар жағында баланың жалғыз қалғанын хабарлау қажет. Диспетчерге оқиға туралы барынша нақты ақпарат беру маңызды: мекенжайды, кіреберісті, қабатты, пәтер нөмірін, баланың жасын айтып, пәтер ішінде қауіп төндіруі мүмкін жағдайдың бар-жоғын хабарлау керек. Егер баланың денсаулығы нашарлағаны немесе оған тікелей қауіп төніп тұрғаны белгілі болса, бұл туралы да операторға ескерткен жөн. 

Құтқарушылар келгенге дейін не істеу керек?

Төтенше қызметке хабарласқаннан кейін сабыр сақтап, диспетчердің нұсқауын орындау қажет. Егер бала ересектің дауысын ести алса, онымен үнемі байланыста болған жөн: сөйлесіп, тыныштандырып, көмектің келе жатқанын түсіндіріңіз.

Қосымша қауіптің туындауына әкелуі мүмкін әрекетті жасамаңыз, атап айтқанда құлыпты өз бетінше бұзу, қолда бар құралды пайдалану баланың жарақат алуына және мүліктің  бүлінуіне әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ құтқарушының жұмысына кедергі келтірмей, оқиға орнына кедергісіз жетуіне мүмкіндік жасау маңызды.

Құтқарушылардың жұмысына не кедергі келтіруі мүмкін?

Құтқарушылар үшін ең бастысы – балаға мүмкіндігінше тез жетіп, жағдайды бағалау. Сондықтан 112 нөміріне қоңырау шалған кезде барынша нақты ақпарат беру қажет. Егер ата-аналар нақты мекенжайды білмесе, кіреберіске кіре алмаса, пәтер ішіндегі ықтимал қауіп туралы хабарламаса немесе есікті өз бетінше ашуға әрекет жасаса, бұл құтқару жұмысын қиындатуы мүмкін.

Мамандар келгенге дейін өз қауіпсіздігіңізге де, баланың қауіпсіздігіне де қатер төндірмеген жөн.

Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?

Осындай оқиғалардың алдын алуға болады. Кішкентай балалары бар ата-аналарға мынадай сақтық шараларын ұстану ұсынылады:

баланы үйде, тіпті қысқа уақытқа да жалғыз қалдырмау;

кілттің қайда тұрғанын және үйге кімдер кіре алатынын бақылау;

отбасыдағы ересектер үшін үйге қауіпсіз кіру жолын алдын ала қарастыру;

баланы қауіпті заттар мен қосулы тұрған тұрмыстық құрылғының жанында қалдырмау;

жасы мен түсіну деңгейіне қарай балаға төтенше жағдайда көмекке қалай жүгіну керектігін түсіндіру.

Пәтер ішінде құлыптаулы есіктің ар жағында кішкентай бала қалып қойса, бұл қиын жағдай. Сондықтан басты қағида – баланы үйде жалғыз қалдырмау және есік кездейсоқ жабылып қалған жағдайда не істеу керектігін алдын ала ойластыру.

Еске сала кетсек, Астанада үйлерге газ бен түтінді анықтайтын датчик орнатылып жатыр.