Астана әуежайында бомба туралы әзілдеген шетелдік рейстен түсірілді

Астана әуежайында бомба туралы әзілдеген шетелдік рейстен түсірілді
Фото: ҚР Терроризмге қарсы орталығы

Астана халықаралық әуежайында өзінде жарылғыш құрылғы бар екенін әзілдеп айтқан шетел азаматы рейстен түсірілді. Оқиғаға байланысты авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы тиісті шаралар қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Терроризмге қарсы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, шетелдік жолаушы ұшар алдындағы рәсімдер кезінде өзінде жарылғыш құрылғы бар екенін әзіл түрінде мәлімдеген.

Әуежай қызметкерлері қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет етіп, тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастырған. Нәтижесінде жолаушы рейске жіберілмеді.

Оқиғаның мән-жайы құзыретті органдардың қарауына берілді.

Терроризмге қарсы орталық әуежайларда жарылғыш заттар туралы кез келген мәлімдеме, тіпті әзіл ретінде айтылса да, ықтимал қауіп ретінде қарастырылатынын ескертеді.

Мұндай жағдайларда міндетті түрде тексеру жүргізіледі. Ал жауапсыз мәлімдемелер заңнамада көзделген құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Авиациялық қауіпсіздік талаптарының басты мақсаты – жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығын қорғау.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы мен жолаушының әрекетіне берілетін құқықтық баға туралы қосымша ақпарат нақтылануда.

Еске сала кетейік, бұған дейін шетел азаматының ұшақта астаналықтың 3,6 мың долларын ұрлап алғаны хабарланған еді.