Астананың «Есіл» ауданында тұрғын үй кешендерінің біріндегі автотұрақтан өрт шығып, құтқарушылар ғимараттан 32 адамды, оның ішінде 13 баланы қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Сарайшық көшесінде орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Автотұрақта электр сымдары мен автокөлік шиналары өртенген.
Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетті. Өртті сөндіру барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары түтін басқан ғимараттан 32 адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарды.
Өрт толық сөндірілді. Жоғары температураның әсерінен төрт автокөлікке зақым келген.
ТЖМ мәліметінше, оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада қонақүйде өрт шығып, 60 адам эвакуацияланғаны хабарланған еді.