Астанадағы Н. Назарбаев әуежайында отырып ойнау волейболынан V Азия Пара ойындарының күміс жүлдегерлері Алмат Оспанов пен Берік Ізмағанбетовті елордалықтар салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазақстан ерлер құрамасы сапында ел намысын қорғаған елордалық спортшыларды «Елорда» спорт клубының ұжымы, жақындары, қолдаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күтіп алып, жетістігімен құттықтады.
«Азия Пара ойындарына Астана қаласынан Алмат Оспанов екеуміз қатыстық. Жарыста төрт кездесу өткіздік. Ең қиын ойын жартылай финалда Ирак құрамасына қарсы болды. Сеттер бойынша 0:2 есебімен ұтылып жатып, ойын барысын өз пайдамызға өзгертіп, 3:2 есебімен жеңіске жеттік. Осылайша, финалға шықтық. Ақтық сында Иран құрамасымен кездесіп, есе жібердік.
Жарысты күміс жүлдемен аяқтадық. Алдағы мақсатымыз – 2027 жылы өтетін Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалып, Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына лицензия алу», – деді Берік Ізмағанбетов.
Еске сала кетсек, 25 қазанда Астана әуежайында пара үстел теннисінен V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері Алтынай Ержанқызын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

