Қазақстанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзған жеті микроқаржы ұйымы (МҚҰ) лицензиясынан айырылды. Тиісті шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, микроқаржы ұйымдарының қызметіне жүргізілген тексерулер барысында заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері анықталған. Бұл бұзушылықтар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтірген.
Осыған байланысты 2026 жылғы 23 қазандағы бұйрықтар негізінде төмендегі жеті ұйым микроқаржылық қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылды:
– «MaxMoney» МҚҰ» ЖШС – №67 бұйрық;
– «Microfinance Systems» МҚҰ» ЖШС – №68 бұйрық;
– «SurfKaz Finance» МҚҰ» ЖШС – №69 бұйрық;
– «MFO№1» МҚҰ» ЖШС – №70 бұйрық;
– «Умит Финанс» МҚҰ» ЖШС – №71 бұйрық;
– «Вивус» МҚҰ» ЖШС – №15 бұйрық;
– «EL QAZYNA» МҚҰ» ЖШС – №16 бұйрық.
Агенттік лицензиядан айырылған ұйымдардың бұдан былай микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ екенін ескертті. Сондай-ақ заңнамада көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда, олар қолданыстағы микрокредит шарттарының талаптарын өзгерте алмайды.
Заңнамаға сәйкес, лицензиясынан айырылған микроқаржы ұйымдары 30 күнтізбелік күн ішінде атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді және микрокредит беру қызметін білдіретін өзге де атауларды алып тастап, қайта тіркелуге немесе қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Қарыз алушылар не білуі керек?
Лицензияның қайтарып алынуы азаматтарды бұрын алған микрокредиттерін өтеу міндетінен босатпайды.
Агенттік түсіндіргендей, аталған ұйымдармен микрокредит беру туралы шарт жасасқан клиенттердің қолданыстағы міндеттемелері сақталады. Қарыз алушылар шарт талаптарын орындауға міндетті және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Ведомство қабылданған шешімдер қаржы нарығындағы заң бұзушылықтардың жолын кесуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының қызметіне бақылауды жалғастырып, азаматтардың құқықтарын жүйелі түрде бұзған ұйымдарға қатысты заңнамада көзделген шараларды қолданатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Elordainfo.kz тілшісі бір қарызды жабу үшін екіншісін алудың қаупі, микрокредит тұзағына түсу себептері және қарыздан құтылу жолдары туралы сараптамалық материал жариялаған болатын.