Қазақстандағы білім беру ұйымдарының кітапхана қоры 142 млн дананы құрайды. Оның 29 миллионнан астамы – көркем әдебиет туындылары, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдан бері елімізде «Балалар кітапханасы» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, әдебиетке сүйіспеншілігін қалыптастыру және сапалы кітаптарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Бағдарлама аясында соңғы жылдары мектеп кітапханаларының қоры 1,6 млн көркем әдебиет кітабымен толыққан.
Сонымен қатар еліміздің мектептері мен колледждерінде 1956 кітапханалық коворкинг орталығы жұмыс істейді. Бұл кеңістіктерде оқушылар кітап оқып қана қоймай, әдеби кездесулерге, кітап талқылауларына және зияткерлік іс-шараларға қатыса алады.
Цифрлық кітапхана жүйесі де дамып келеді. Қазіргі уақытта edu.bookfund.gov.kz платформасында қазақ және әлем әдебиетінің 2580 кітабының электронды нұсқасы қолжетімді.

Ал 2026 жылдың ақпан айынан бастап білім алушылардың оқу сауаттылығын бақылауға арналған Oqyrman.kz ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек, «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының «Оқитын мектеп» бағыты бойынша 680 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Жоба аясында оқушылар әдеби шығармаларды оқып, мәтінді түсіну деңгейін тексереді және зияткерлік жарыстарға қатысады.

Министрлік мәліметінше, балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Бұған дейін «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны таныстырылғаны хабарланған еді.