Баланың сөйлеуі кешеуілдесе, атымен шақырғанда жауап бермесе немесе бұрын айтқан сөздерін айтпай қалса, ата-аналар маманға жүгінгені жөн. Алматы қаласындағы №11 қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Асылзат Райқұл баланың дамуындағы мұндай өзгерістерді назардан тыс қалдырмауға кеңес берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСм баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, баланың дамуындағы ықтимал қиындықтарды ерте анықтау маңызды. Өйткені қажетті көмекті дер кезінде алу оның әрі қарай дамуына оң ықпал етуі мүмкін.
Ата-аналар, әсіресе, баланың сөйлеу белсенділігіне, өзіне қарата айтылған сөздерге реакциясына және бұрын қалыптасқан дағдыларының сақталуына назар аударуы керек.
Егер бала аз сөйлесе, атымен шақырғанда жауап бермесе немесе бұрын қолданған сөздерін айтуды тоқтатса, мұны тек жас ерекшелігімен байланыстырып, өздігінен түзелуін күте бермеген жөн.
Мұндай жағдайда алдымен тіркелген емханадағы педиатрға қаралу қажет. Дәрігер баланың даму ерекшеліктерін бағалап, қажет болған жағдайда тиісті бейінді мамандарға жолдама береді.
Маман баланың дамуына қатысты күмән туындаса, медициналық кеңес алуды кейінге қалдырмауға шақырады.
Бұған дейін елордадағы №5 «Ақбота» балабақшасында «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» тақырыбында қалалық семинар өткенін жазған едік.