«5 млн теңгеге дейінгі несие кешіріледі»: алаяқтар жаңа айлаға көшті

«5 млн теңгеге дейінгі несие кешіріледі»: алаяқтар жаңа айлаға көшті
Фото: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы

TikTok әлеуметтік желісінде 18 жастан асқан қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарын толық есептен шығаруға уәде беретін бейнероликтер таралып жатыр. Алайда мұндай жарияланымдардың артында азаматтардың жеке деректері мен Telegram аккаунттарына қол жеткізуді көздейтін алаяқтық схема жасырынуы мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасына сілтеме жасап.

Орталық мәліметінше, алаяқтар жарияланымдардың шынайы көрінуі үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, азаматтарды әлеуметтік желідегі профильде көрсетілген сілтемеге өтуге шақырады.

Алаяқтық схема қалай жұмыс істейді?

JAQ мамандары күдікті сілтемені тексеріп, бірнеше қауіп белгісін анықтаған.

Сайт өзін әлеуметтік көмек көрсететін ресми сервис ретінде таныстырады. Алдымен пайдаланушыдан туған жылын енгізу сұралады. Одан кейін оның бағдарлама талаптарына сәйкес келетіні туралы хабарлама шығып, Telegram желісіне өту ұсынылады.

Сайтта кері санақ таймері де орналастырылған. Бұл азаматтарға ұсыныстың уақыты шектеулі деген әсер қалдырып, оларды асығыс шешім қабылдауға итермелейді.

Ең қауіпті кезең – Telegram арқылы авторизацияны растау. Мұндай әрекет пайдаланушының аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге бөгде адамдардың қол жеткізуіне мүмкіндік беруі мүмкін.

Күдікті сайттан қандай белгілер анықталды?

Орталық жүргізген техникалық талдау барысында бірнеше жайт белгілі болған.

Атап айтқанда, VirusTotal платформасындағы LevelBlue сервисі күдікті ресурсты фишинг санатына жатқызған. Ал alphaMountain.ai және Fortinet сервистері оны спам ретінде бағалаған.

Сонымен қатар тексеру кезінде сайт доменінің небәрі 17 күн бұрын тіркелгені анықталған.

Мамандардың түсіндіруінше, доменнің жақында тіркелуі өздігінен алаяқтықты дәлелдемейді. Алайда басқа күдікті белгілермен бірге қарастырғанда, мұндай ресурсқа сақтықпен қарау қажет.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарға мынадай кеңес береді:

– Сайттың мекенжайын тексеріңіз. Мемлекеттік органның ресми сайтына ұқсас атауларды пайдаланатын жалған ресурстардан сақ болыңыз. Қазақстан мемлекеттік органдарының ресми интернет-ресурстары, әдетте, gov.kz доменінде орналасады.

– Бейтаныс домендерге назар аударыңыз. .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты домендік аймақтардағы сайттардың сенімділігін қосымша тексеріңіз.

– Мемлекеттік рәміздерге ғана сенбеңіз. Сайтта елтаңба, ту немесе мемлекеттік органның логотипі болуы оның ресми ресурс екенін білдірмейді.

– Қарызды кешіру туралы ақпаратты тексеріңіз. Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы хабарламалардың шынайылығын мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерінен анықтаңыз.

– Күдікті авторизацияны растамаңыз. Белгісіз сайттар мен қосымшаларға Telegram немесе басқа аккаунттарыңызға кіруге рұқсат бермеңіз.

Күдікті сілтемеге өтіп қойған болсаңыз ше?

Егер күдікті сайт арқылы Telegram аккаунтыңызға кіруге рұқсат берген болсаңыз, мессенджердің параметрлеріне кіріп, белсенді сеанстарды тексеріңіз.

Бейтаныс құрылғылардағы сеанстарды тоқтатып, екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз.

JAQ мамандары алаяқтар азаматтардың қаржылық қиындықтарын пайдаланып, қарызды кешіру немесе әлеуметтік көмек көрсету туралы жалған уәделер арқылы сенімге кіруге тырысатынын ескертеді.

Сондықтан мұндай ұсыныстарға бірден сенбей, ақпаратты ресми дереккөздерден тексеру және күмәнді сілтемелер арқылы жеке аккаунттарға кіруге рұқсат бермеу маңызды.

Бұған дейін бір қарызды жабу үшін екіншісін алудың қаупі, микрокредит тұзағына түсу себептері және қарыздан құтылу жолдары туралы сараптамалық материал жариялаған едік.