Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген «R.O.I.» қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 275 азамат жәбірленуші деп танылып, оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, кооператив азаматтарды тұрғын үй мен автокөлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырған. Ол үшін үлестік жарна жинақтау туралы шарттар жасалып, тұрғындардан ақша жиналған.
Алайда жаңа қатысушылардан түскен қаражат нақты кәсіпкерлік қызметке емес, кооперативке бұрын қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған.
ҚМА мәліметінше, тергеу барысында ұйымдастырушылардың кеңес беру қызметіне ақы төлеу деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталған.
Сонымен қатар 2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда тағы алты тұтыну кооперативі құрылған. Олар:
– «ShynSaulet»;
– «Berekeli Shanyrak»;
– «Aya-Aru»;
– «Jasmin»;
– «USCoop»;
– «Baiterek».
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған ұйымдар «R.O.I.» тұтыну кооперативі басшысының бақылауында болған. Олар жеке сот орындаушылары бұғаттаған негізгі кооперативтің банк шоттарын айналып өтіп, түскен қаражатты басқа шоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі айға қамауға алынды.
Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін жеті микроқаржы ұйымының лицензиясынан айырылғаны хабарланған еді.