Астанада Республика күні қарсаңында «Ашық Talks» ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті

Бүгін, 13:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Республика күні қарсаңында «Ашық Talks» ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Республика күні мерекесіне орай, Дін істері басқармасы Qamqor-Astana қоғамдық қорымен бірлесіп, «Ашық Talks» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шара «Тұлпар» сауда үйінің аумағында ұйымдастырылып, бейресми сауда орындарында қызмет атқаратын 60-қа жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың басын қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күні қарсаңында өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отансүйгіштік рухты нығайтуға және қоғамдағы рухани-адамгершілік бағдарларды насихаттауға бағытталды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушыларға рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтар, қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен тарихы туралы ақпарат беріліп, діни сауаттылық негіздері мен Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасының талаптары түсіндірілді.

Іс-шара барысында қатысушылар үшін мақал-мәтелдер сайысы мен тақырыптық викториналар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Сұрақ-жауап» сессиясы аясында қатысушылар деструктивті діни ағымдар мен экстремистік идеологияның таралуының алдын алу мәселелеріне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу барысында деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі мен дін саласындағы заңнама туралы ақпарат қамтылған профилактикалық сипаттағы ақпараттық-түсіндіру брошюралары таратылды.

Іс-шара соңында викторина жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

«Ашық Talks» жобасы халықпен ашық диалог орнатуға және дін саласындағы өзекті мәселелерді қолжетімді форматта талқылауға арналған алаң құруды мақсат етеді. Республика күні аясында өткізілген мұндай кездесулер ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеуге, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға, отансүйгіштік сезімді нығайтуға және қоғамның түрлі әлеуметтік топтарымен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.