Қоқыс тастағандарға 86 мың теңге айыппұл салынады

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қоқыс тастағандарға 86 мың теңге айыппұл салынады
Фото: Depositphotos.com

Қазақстанда қоқысты белгіленбеген жерге тастағандарға 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал осы әрекет бір жыл ішінде қайталанса, жаза да қатаңдайды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қаланың тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігінен басталады. Алайда кіреберіс алдына тасталған қоқыс, көшеде жатқан бөтелке немесе қоқыс жәшігінің жанына қалдырылған пакет әлі де өзекті мәселе болып отыр. Мұндай әрекеттер қаланың көркін бұзып қана қоймай, айыппұл салуға да негіз болады.

Айыппұл көлемі қанша?

Алғаш рет құқық бұзған адамға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 43 250 теңге айыппұл салынады. Сонымен қатар оған 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылуы мүмкін.

Егер осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейеді. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, құқық бұзушы 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.

Айыппұлға ұрынбас үшін тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге тастау; саябақтар мен аулаларда қоқыс қалдырмау; ортақ пайдаланылатын орындарды ластамау сияқты қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті.