Header Banner

Астаналық шабандоздар халықаралық турнирде екі алтын медаль жеңіп алды

Бүгін, 20:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астаналық шабандоздар халықаралық турнирде екі алтын медаль жеңіп алды
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанада конкурдан өтіп жатқан FEI Jumping World Cup™️ Eurasian League Final (CSI1-W LF Astana 2026) халықаралық турнирінің кезекті жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Еуразияның үздік шабандоздары бас қосқан беделді додада елордалық спортшылар жоғары шеберлік танытып, екі бағдарлама бойынша жеңімпаз атанды.

21 қарашада өткен жарыста қатысушылар биіктігі 140 және 130 сантиметрлік кедергілерден өту бойынша өзара мықтыны анықтады.

140 сантиметрлік кедергілерден өту сайысында елордалық шабандоз Раиса Соколенко топ жарды. Ол URAN - NAD WIGRAMI атты сәйгүлігімен кедергілерден қателіксіз өтіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Қырғызстан өкілі Ринат Галимов тұрақтаса, үздік үштікті өзбекстандық Бекзод Курбанов түйіндеді.

№5 маршруттың қорытындысы (140 см):

1. Раиса Соколенко — URAN - NAD WIGRAMI (Қазақстан, Астана)

2. Ринат Галимов — KIRA VAN DE LAREN Z (Қырғызстан)

3. Бекзод Курбанов — SANTOS HIPPICA (Өзбекстан)

4. Аян Ғани — MOOS (Қазақстан)

5. Нұрила Тұрысбекова — JOURNEY (Қазақстан, Астана)

130 сантиметрлік кедергілерден өту сайысында да елордалық спортшы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. SHENANIGAN атты сәйгүлігімен өнер көрсеткен Олег Соколенко қарсыластарынан озып, алтын медаль жеңіп алды. Қырғызстандық шабандоздар Игорь Козубаев пен Ринат Галимов тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленді.



 

№6 маршруттың қорытындысы (130 см):

1. Олег Соколенко — SHENANIGAN (Қазақстан, Астана)

2. Игорь Козубаев — D’ARTAGNAN Z (Қырғызстан)

3. Ринат Галимов — ENRIQUE PKZ (Қырғызстан)

4. Нұрила Тұрысбекова — ONS KIND (Қазақстан, Астана)

5. Ислам Исламов — CORVETTE SK (Қазақстан)

Осылайша, жарыстың кезекті күнінде елордалық шабандоздар Раиса және Олег Соколенко екі алтын медаль жеңіп алып, халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Астана спортшысы Нұрила Тұрысбекова екі бағдарламада да үздік бестікке енді.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан FEI Jumping World Cup™️ Еуразия лигасының финалдық кезеңі – халықаралық күнтізбедегі маңызды жарыстардың бірі. Турнир қорытындысы бойынша Әлем кубогының Гранд-финалына жолдама алу үшін үздік шабандоздар анықталады.