Header Banner

Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне арналған республикалық кикбоксинг турнирі өтті

Бүгін, 18:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне арналған республикалық кикбоксинг турнирі өтті
Фото: Василий Крась

Елордада Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне арналған VII республикалық кикбоксинг турнирі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Жарысқа еліміздің 15 өңірінен және шетелден 600-ден астам жас спортшы қатысты.

17–21 қараша аралығында «Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарыс жастар, жасөспірімдер және юниорлар арасында өтті. Спортшылар K-1, Full Contact, Low Kick және Kick Light бағыттары бойынша үш ринг пен екі татамиде бақ сынады.

Астана қаласы кикбоксинг федерациясының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жарыстың жауапты ұйымдастырушысы Ернар Омаровтың айтуынша, турнир үш жас санатын қамтып, қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға және спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді.

«Бұл – еліміздегі кикбоксинг спортының дамуына үлес қосатын республикалық деңгейдегі жарыстардың бірі. Турнирге жастар, юниорлар және жасөспірімдер санатындағы спортшылар қатысты. Әр жас санатында шамамен 12–13 салмақ дәрежесі қарастырылған. Жарыс екі бөлім бойынша өткізіліп, жалпы есепте 100-ге жуық сайыс бөлімі қамтылды. Сондықтан қатысушылар үшін бұл тек жүлде сарапқа салатын дода емес, сонымен қатар өз деңгейін байқап, тәжірибе жинақтайтын маңызды мүмкіндік болды.

Жекпе-жектер K-1, Full Contact, Low Kick және Kick Light бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Жарыстың үш ринг пен екі татамиде қатар өтуі спортшылардың бәсекеге түсуіне қолайлы жағдай жасады. Мұндай турнирлер жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып, кикбоксингтің еліміздегі дамуына серпін береді», – деді Ернар Омаров.



 

Турнирдің басты мақсаты – жастар арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу. Жарыс «Астана – есірткісіз қала!» жоспары аясында ұйымдастырылды.

Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов спорттық шаралардың жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтінін атап өтті.

«Біз жастарды қолдаймыз. Оларды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, дұрыс орта қалыптастыруға, спортпен шұғылдануға шақырамыз. Бұл турнирге 600-ден астам спортшы қатысып отыр. Сонымен қатар олардың ата-аналары да жарысты тамашалауға келді. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа ден қоюына жағдай жасау маңызды. Осындай жарыстар жас буынның бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді», – деді полиция капитаны.



 

Осылайша, елордалық турнир жас спортшылардың басын қосып, кикбоксингтен республикалық деңгейдегі бәсекенің өрісін кеңейтті. Сонымен қатар жарыс қатысушыларға спорттық шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар жастардың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады.