Header Banner

Астана қаласы алғаш рет конкурдан Еуразия Лигасының Әлем Кубогы финалын қабылдап жатыр

Астана қаласы алғаш рет конкурдан Еуразия Лигасының Әлем Кубогы финалын қабылдап жатыр
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде конкурдан Еуразия лигасының Әлем кубогы (FEI World Cup) финалының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Елорда былтыр да аталған халықаралық жарысты қабылдаған болатын. Алайда 2025 жылы Әлем кубогының алғашқы кезеңі ұйымдастырылса, биыл финалдық кезең өтіп жатыр. Сонымен қатар биылғы бәсекенің басты ерекшелігі – жарыстың жабық манежде өткізілуі.

Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен ұйымдастырылған додаға Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстаннан 22 шабандоз бен 31 ат тіркелген.

Шараның салтанатты ашылуына Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) бірінші вице-президенті Марк Самуэль (Канада), Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев қатысты.

«Бүгін елордамызда әлемдік деңгейдегі айтулы дода – конкурдан FEI Әлем Кубогы Еуразиялық лигасының финалын ашып отырмыз. Бұл Еуразия кеңістігіндегі ең беделді бәсекелердің бірі. Биыл еліміз Әлем кубогының үш кезеңін жоғары деңгейде өткізіп, міне, бүгін сол маусымның шешуші мәресін қабылдап отыр.

Осы қараша айы біздің Федерация үшін өте жемісті болды.

Үш маңызды республикалық жарысты сәтті өткіздік: конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы ел біріншілігі; ересектер арасындағы конкурдан Қазақстан чемпионаты; паралимпиадалық мәнерлеп жүруден Қазақстан чемпионаты.

Бұл жарыстардың қорытындысы бізге зор үміт сыйлады. Елімізде ат спортына қызығатын, әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын жаңа, талантты жас буын өсіп келе жатқанын анық көрдік. Жалпы, Қазақстан ат спорты соңғы кезде әлемдік аренада өзін сенімді түрде танытып, халықаралық жарыстарда бой көрсете бастады. Біздің бағытымыз айқын, алға қойған мақсатымыз зор! Соның бір дәлелі – алдағы жылы Әлем кубогы кезеңі аясында Олимпиада ойындарына лицензия беретін арнайы квалификациялық турнир (Special Event) өткізуге ресми өтінім бердік.

Бүгінгі жарысқа Еуразия аймағындағы ең мықты деген шабандоздар жиналды. Жалпы рейтингте үздік шыққан спортшылармен қатар, арнайы квотамен шақырылған қатысушылар бақ сынайды», - деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.

19 қарашада басталған жарыста алғашқы жеңімпаздар да анықталып үлгерді. Әзірге Өзбекстан мен Ресей шабандоздары жекелеген сайыстарда топ жарса, Қазақстан атынан сынға түскен Раиса Соколенко мен Олег Соколенко үздік бестіктің қатарына енді.

Айта кетейік, 22 қарашаға дейін жалғасатын халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша Швецияда өтетін Әлем кубогының Үлкен финалына үш жолдама сарапқа салынады.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 12 500 АҚШ долларын құрайды.