Қазақстан ғалымдары тірек-қимыл аппараты ауруы мен жарақатын хирургиялық жолмен емдеуге арналған жаңа медициналық импланттар әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны Академик Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама дәрігерлердің тәжірибесін заманауи инженерлік шешіммен, компьютермен модельдеу, материалтану және 3D технологиясымен ұштастырады.
Жоба шеңберінде қазірдің өзінде бірнеше жаңа медициналық құрылғы жасалды. Олардың қатарында омыртқа ауруын емдеуге арналған трабекулярлы омыртқааралық кейдж, жамбас сүйегінің күрделі сынықтары мен ауыр дисплазиялық коксартроз кезінде қолданылатын арнайы пластиналар, сондай-ақ бұғана сүйегінің сынуын емдеуге және тобық үсті остеотомиясын жасауға арналған бекіткіштер бар.
Импланттардың сүйекке берік бекітілуіне және сүйек тінінің тез қалпына келуіне мүмкіндік беретін биомеханикалық қасиетіне ерекше назар аударылады.
Жоба зерттеудің барлық кезеңін қамтиды. Яғни құрылғыларды жобалау мен алғашқы үлгісін жасаудан бастап, сынақтан өткізуге, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеуге дейінгі жұмыс жүргізіледі.
Отандық импланттарды әзірлеу елімізде жоғары технологиялық медициналық өндірісті дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар орталықта заманауи цифрлық технологиялар да кеңінен енгізілуде. Қазіргі уақытта ірі буындарды эндопротездеу кезінде қолданылатын екі роботтандырылған хирургиялық жүйе іске қосылған. Бұл жүйелер әр пациенттің жеке анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, операцияны үш өлшемді форматта дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, отандық ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі.