Header Banner

Астаналық студенттер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын сахналады

Астаналық студенттер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын сахналады
Фото: Василий Крась

Елордадағы Сервис және Туризм колледжінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесінің желісі бойынша спектакль қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Колледжде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан студенттік театр жетекшісі Әлімжан Біржанұлы шығарманы таңдап, оқиға желісі бойынша инсценировкасын өзі жасаған. Әрі спектакльді студенттерге бейімдей отыра кейіпкерлердің мінез-құлқы мен психологиясын ашуға тырысты. 

«Бұл – философиялық ой қозғайтын шығарма. Ондағы қозғалған ой қазіргі заманда да өзекті. Себебі шығармада жазылған біраз мәселе әлі де түбегейлі өзгере қойған жоқ. Басты кейіпкер маскүнемдіктің азабын тартып келсе, бүгінде ішкілік болмаса, энергетикалық сусындардың зардабын көріп жүргендер белең алғаны шындық.  Сондықтан ауырлау болса да, осы шығарманы таңдауға бел будық.

Соңғы сахнада бас кейіпкер Таған өз нәпсісін жеңген адам ретінде жастарға ақыл айтып, ояну керектігін жеткізеді. Ал теріс жолға итермелегендердің салдарынан қылмыстық әлеммен де байланысқан оған жақындарының қолдауы және өзінің ерік-жігері көмектесті. Біз де қазіргі жастарға ерік-жігерлеріңді жоғалтпаңдар, бойларыңдағы жақсы қасиеттерді сақтап, дамытыңдар, нәпсімен күресуге күш салыңдар, сонда нәтижеге жетесіңдер деген ойды жеткізгіміз келді», - деді театр жетекшісі. 

Ол спектакльдің өн бойында шығарманың атауы «Атау кере» сөзінің мағынасын көрерменге түсіндіруге де көңіл бөлінгенін айтты. Идея авторының айтуынша, атау кере – адамның өлер алдындағы ішіп кеткен асы. Шығармада ол ішімдікпен байланысты болса, қазіргі заманның атау кересі ретінде энергетикалық сусындарға әуес, есірткі қолданатын, құмар ойындарға бейім жастардың әрекеттері тұспалданған.

Қойылымда басты кейіпкер Таған бастапқыда өзінің нәпсісінің құлы болып, ішімдікке салынған адам ретінде көрінеді. Кейін оған қатыгез, азғырушы Еріктің анасы, Нүрке шешей көмекке келеді. Ол Тағанға ата-анасының қандай текті адамдар болғанын айтып, өткенін есіне түсіреді. Ақылын айтып, шөп дәрілермен емдейді. Келіні Айна екеуі бірігіп, Тағанды маскүнемдіктен  арылтуға тырысады. 

Ұлты орыс болса да, қазақ анасына айналған Нүрке шешейдің рөлін ойнаған колледждің 1-курс студенті Кәусар Сапарәли бұл өзінің алғаш сахнаға шығуы екенін айтты. 

«Кейіпкерді түсіну үшін алдымен кітапты оқып шықтым. Шығарманың мазмұнына үңіліп, оқиғаларын түсінгеннен кейін біртіндеп образға кіре бастадым. Дайындыққа шамамен бір-екі ай уақыт кетті. Күн сайын мәтінді оқып, сөздерді қалай жеткізу керегін пысықтадық.

Қойылымдағы сөздердің бір бөлігін кітаптан алдық, ал кей тұстарын қазіргі заманмен байланыстырып толықтырдық. Шығарма бұрынғы заман мен бүгінгі күнді байланыстырады деп ойлаймын. Мысалы, менің кейіпкерім Тағанның ішімдік ішуін тоқтатуға тырысады. Қазіргі жастарға да зиянды әдеттерден аулақ болу, ата-ананың қадірін білу керегін жеткізеді.

Меніңше, қазір жастар арасында ішімдік ішетіндер жоқ деп айта алмаймыз. Кейде оларды қасындағы ортасы да соған тартады.

Ішімдік ең алдымен адамның өз өміріне зиян келтіреді. 

Сонымен қатар ата-анасын, отбасын уайым-қайғы шектіреді.
Сондықтан адам ең алдымен өзін ұстай білуі керек. Өмірдің, ата-анасының қадірін түсінгені жөн», - дейді ол. 

Сервис және Туризм колледжі директоры Салтанат Басығараева колледжде 26 жоба жұмыс істесе, соның ішіндегі студенттер театры үш жыл бұрын өз жұмысын бастағанын айтады. Былтыр студенттер Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының желісі бойынша қойылым көрсеткен. Биыл театр жұмысы қыркүйек айында қайта жалғасып, «Атау кере» шығармасы көрерменге жол тартып отыр. 

«Театрдың басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейту.
Президентіміз «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат аясында елімізде «Кітап оқитын ұлт» марафоны жүзеге асырылып жатыр.

Міне, біз де осы ізгі бастаманы қолдап, жастар арасында насихат жүргізудеміз.

Қазір әлеуметтік желілерді ашсаңыз, қысқа-қысқа ақпарат өте көп. Адам бір ақпаратты соңына дейін түсініп үлгермей, келесісіне ауысып кетеді. Ал кітап оқу адамды шығарманы толық қабылдауға, автордың не айтқысы келгенін түсінуге, оның пікірімен келісуге немесе келіспеуге үйретеді. Ең бастысы, оқыған дүниесі туралы ойланып, өз тұжырымын жасауға мүмкіндік береді», - дейді колледж директоры. 

Сонымен қатар спектакльдегі дәуір, оқиға орнын көрсетуде жасанды интеллекті кеңінен қолданылған.