Header Banner

Шетелдегі қазақ қаламгерлерінің бес еңбегі жарық көрді

Шетелдегі қазақ қаламгерлерінің бес еңбегі жарық көрді
Фото: Қалиакбар Үсемханұлы

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» халықаралық кітаптар сериясының жаңа топтамасының таныстырылымы өтті. Оқырман назарына Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және Қытайда тұратын қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының бес еңбегі ұсынылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Салтанатты шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, кітап авторлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жаңа топтамаға Рысбек Зұрғанбайұлының «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады», Жазитхан Әуелханның «Құт мекенім – Қосағаш», Құлназар Ибрагимовтың «Жыр өткелі», Сұлтан Жанболатовтың «Таластағы тайталас» атты еңбектері мен Ағыпар Бәкейдің «Микроэкономика» оқулығы енді. Бұл шығармалар шетелдегі қазақ қауымдарының тарихын, тағдырын, әдебиеті мен мәдениетін таныстырумен қатар, ғылыми білім қорын толықтыруға бағытталған.

Таныстырылымда сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Әбдіқадыров жобаның ұлттық руханиятты дамытудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қай елде өмір сүрсе де, қазақты біріктіретін ортақ құндылықтар – ана тілі, төл тарихы, ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасы.

«Ұлы дала» жобасы тарихи жадыны жаңғыртуға, қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми еңбектердің аясын кеңейтуге бағытталған маңызды бастама. Шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық және рухани байланыстарды нығайту – Сыртқы істер министрлігінің маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте «Отандастар қоры» жүзеге асырып жатқан жұмыстардың орны ерекше», – деді ол.

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ырысқали Дәуренбек шетелде өмір сүріп жатқан қазақ қауымдарының ана тілін, әдебиеті мен тарихи жадын сақтаудағы еңбектеріне назар аударды. Оның айтуынша, қандас қаламгерлер мен ғалымдардың шығармалары өздері тұратын өңірлердегі қазақтардың өмірін, мәдениеті мен тарихи тағдырын танытқанымен, олардың бірқатары Қазақстан оқырмандарына жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қор Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 2023 жылдан бері «Ұлы дала» халықаралық жобасын жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін жоба аясында 30-ға жуық еңбек жарық көрген.

Ырысқали Дәуренбек алдағы уақытта шетелде бұрын жарық көрген, алайда Қазақстанда кең таралмаған шығармаларды жинақтау жұмысы жалғасатынын айтты. Сонымен қатар кітаптарды еліміздің Ұлттық академиялық және өңірлік кітапханаларына, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына жеткізу, электрондық нұсқаларын оқырманға қолжетімді ету көзделіп отыр. Жоба аясында жас қаламгерлер антологиясын, балалар әдебиеті мен қазақ тіліндегі ғылыми оқулықтарды шығару да жоспарланған.

Қазірге дейін жарық көрген кітаптар шетелдегі қазақтардың шығармашылық мұрасын сақтап, еліміздің әдеби және ғылыми кеңістігіне таныстыруды көздейді. Мәселен, Рысбек Зұрғанбайұлының еңбегінде Моңғолия қазақтарының саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі тарихы мен тарихи жады мәселелері қозғалады. «Құт мекенім – Қосағаш» кітабы Алтай өңіріндегі қазақтардың тарихи мекені мен тағдырын зерделеуге арналған. Ал Сұлтан Жанболатовтың әңгімелер жинағы мен Құлназар Ибрагимовтың жырлары шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік ізденістерін танытады. Ағыпар Бәкейдің «Микроэкономика» оқулығы топтаманың ғылыми-танымдық бағыттағы еңбектермен де толыққанын көрсетеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ