Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің оңтүстігінде жалпы ұзындығы 270 шақырымға жуық суару каналын автоматтандырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2026 жылы министрлік Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы жалпы ұзындығы 267,6 шақырым болатын суару каналын автоматтандыруды аяқтады.
Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 156,5 шақырым Сол жағалау айналма каналына, Фурманов айналма каналына және «Базарбай» каналына ультрадыбыстық су шығынын өлшегіштер мен радарлық су деңгейін өлшеуіштер орнатылды.
Сонымен қатар Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жалпы ұзындығы 112,1 шақырым болатын төрт магистральді каналға автоматтандырылған су деңгейін өлшеуіштер орнатылды. Олардың қатарында Д.Алтынбеков атындағы канал, Үлкен Келес магистральді каналы, Қызылорда су торабының оң жағалау магистральді каналы және «Байқадам» каналы бар.
«Бұл жұмыстар су ресурстарын дәл есепке алуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әсіресе, вегетация кезеңінде оның маңызы зор. Автоматтандыру және цифрлық құралдарды енгізу – Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі. Нәтижесінде еліміздің су қорын басқарудың бірыңғай жүйесі қалыптасып, суды бөлу процесі барынша ашық болады», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын 103 суару каналын автоматтандыру жүргізіліп жатыр. Бұл 65 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Бұдан бөлек, бұған дейін реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жұмысы да қолға алынған.