Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1 млрд долларға жуықтады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында аталған бағыт бойынша экспорт көлемі 3,4 млрд долларға жетті. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,5 млрд доллар болған. Осылайша, өсім 35% болды. Ал өңделген өнімдердің жалпы агроэкспорттағы үлесі 51,3%-дан 53,3%-ға дейін өсті.
«Бұл – Мемлекет басшысы алдымызға қойған негізгі міндеттің бірі. Қазақстан тек астық сатумен ғана шектелмей, дайын өнім экспорттау арқылы да табыс табуы керек. Бұл ауыл шаруашылығының экономикалық қайтарымын мүлде басқа деңгейге көтереді. Елімізде бұл бағытты дамытуға қажетті қуатты шикізат базасы бар. Жыл сайын 18–20 млн тонна бидай және 1–1,2 млн тонна жүгері өндіреміз. Биыл жүгері өнімі 1,7 млн тоннаны құрады», – деді Айдарбек Сапаров.
Қазіргі таңда елімізде жылына 5 млн тоннадан астам астық өңделеді. Оның ішінде 510 мың тоннаға жуығы терең өңдеуден өтеді. Былтыр 145,1 мың тонна крахмал өнімдері өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,8%-ға жоғары. Сондай-ақ биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаға жетіп, бір жылда 2,2 есеге артты.
2029 жылға дейін бидай мен жүгеріні терең өңдейтін, жылына 5,8 млн тонна шикізат өндіретін алты ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Қазкрахмал» және Fufeng кәсіпорындары алғашқы өнімін шығарды.
Еске сала кетсек, Түркістанда жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылды.