ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули М. Стаффтпен кездесті. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, инвестиция тарту, мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«Біз өзара сауданы ұлғайту мен инвестиция тартудан бастап, мал шаруашылығы мен селекцияны дамытуға дейінгі бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – ынтымақтастыққа нақты мазмұн беріп, екі тарапқа да тиімді бастамалардың жүзеге асуына жағдай жасау», – деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Джули М. Стаффт АҚШ-тың Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға, аграрлық сектордағы ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға дайын екенін растады.
Келіссөздердің жеке бағыты мал шаруашылығын, селекция мен генетиканы дамыту мәселелеріне арналды. Қазақстан тарапы асыл тұқымды мал өсіру, жоғары өнімді мал басын сатып алу, генетикалық бағалау және мал шаруашылығындағы технологияларды жетілдіру бағыттары бойынша америкалық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын атап өтті.
Кездесу барысында америкалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта іске асырылуы мүмкін инвестициялық жобалар да қаралды.
Атап айтқанда, Алматы облысында PepsiCo компаниясының тұзды тіскебасар өнімдерін өндіретін зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі – 368 млн АҚШ доллары. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 70 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауытты 2027 жылғы сәуірде пайдалануға беру жоспарланған.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – John Deere ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін жергіліктендіру. 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда осы брендтің жалпы құны 23,2 млрд теңге болатын 327 бірлік техникасы өндірілді. Өндіріс желісіне тракторлар, комбайндар, жаткалар, десте жинағыштар, тайлағыштар және бүріккіштер кіреді.
Кездесудің маңызды қорытындыларының бірі – қазақстандық тараптың екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскерлік топтары өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құру туралы бастамасы болды. Бұл тетік ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын жүйелі түрде пысықтауға, инвестициялық бастамаларды сүйемелдеуге және агроөнеркәсіптік кешендегі нақты жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар белгіленген бағыттардағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.