17 қарашада «Әділет» партиясының кандидаттары Астананың Байқоңыр ауданындағы №3 жылу электр орталығының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында елорданың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, қалалық бюджеттің тиімді жұмсалуын бақылау және партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге №6 сайлау округі бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат, «KASSYB BILIM» ЖШС бас директоры Бауыржан Қасымбергебаев, партиялық тізім бойынша кандидаттар – «Әділет» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев және елордадағы «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекдайыр Күзембай қатысты.

Бауыржан Қасымбергебаев өз сөзінде мәслихаттың қалалық бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау бағытындағы өкілеттіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, қала қаражатын тиімді бөлу кезінде тұрғындардың ұсыныстары мен нақты қажеттіліктері ескерілуі керек.
«Мәслихат бюджетті бекітеді және оның орындалуын бақылайды. Депутаттар қандай мәселе шұғыл шешімді қажет ететінін ескеріп, қаражатты бөлу жөнінде ұсыныс айта алады. Тұрғындардың сенімі бізге осы мәселелерді көтеріп, мемлекеттік органдардан нақты нәтиже талап етуге мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Қасымбергебаев.
Мағжан Қыстаубаев заң мен тәртіп қағидатын нығайтуда қоғаммен ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың белсенділігі мен өзара сенімі қаланың дамуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
«Біз сіздердің қолдауларыңызға, сенімдеріңізге және белсенді азаматтық ұстанымдарыңызға үміт артамыз. Заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам қалыптастыру жолындағы жұмыс осындай кездесулерден, өзара пікір алмасудан басталады. Баршаңызды 29 қарашадағы сайлауға қатысуға шақырамыз», – деді Мағжан Қыстаубаев.
Ал Бекдайыр Күзембай елорданы жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген энергетика саласының қызметкерлеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ партияның бес негізгі құндылығын – әділеттілік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс қағидаттарын таныстырды.

Ол сайлауалды бағдарламаның бес басым бағытына да тоқталды. Олар: қолжетімді әрі жайлы баспана, денсаулық пен ұзақ өмір сүру, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрақты жұмыспен қамту және жаңа экономика қалыптастыру.
Партияның Астана қаласын дамытуға арналған бағдарламасында инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту, 360 шақырым қала көшесін жөндеу, 90 шақырым жаңа көше салу, 360 ауланы абаттандыру және 57 жаңа мектеп салу міндеттері көзделген.
Жұмыспен қамту бағытында да нақты жоспарлар бар. Атап айтқанда, JOLTAP жобасы аясында 6 мың адамды жұмысшы және цифрлық мамандықтарға оқыту, ал «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 3 910 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Кездесу соңында энергетика саласының қызметкерлері кандидаттарға өздерін толғандырған мәселелерді жеткізіп, қала дамуы мен инфрақұрылымдық жобаларға қатысты пікір алмасты.
*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.



