17 қарашада Астанада «Әділет» партиясының кандидаттары құрылыс саласының қызметкерлерімен кездесті. Жиында жаңа тұрғын аудандардағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен балабақшалардың, медициналық нысандардың қажеттілігі, жол құрылысы және бұл бағыттағы мәселелерді шешуде мәслихаттың рөлі талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Кәрімбек Құрманәлиев тұрғындардың ұсынысын ескерудің және оларды қалалық деңгейде шешудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңес құрылыс, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты мәселелерді қарап, тұрғындардың ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізеді.
«Мәслихат қарайтын негізгі мәселелердің бірі – бюджет. Қаладағы көптеген мәселенің шешімі қаржыға байланысты. Сондықтан бюджетті қалыптастыру мен оның игерілуіне қатысты шешімдерде мәслихаттың рөлі зор. Мәслихат депутаты болу – үлкен жауапкершілік», – деді Кәрімбек Құрманәлиев.

№10 сайлау округі бойынша кандидат Закиржон Умаров тұрғындармен кездесулер барысында медициналық көмектің қолжетімділігі, мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі жиі көтерілетінін жеткізді. Оның айтуынша, округте медициналық орталық салу бастамасын көтеріп, мектептер мен жолдарға қатысты мәселелерді әкімдікпен және тиісті мекемелермен бірлесіп шешу маңызды.
«Тұрғындармен сөйлесіп, шешімді бірге қабылдауымыз керек. Атқарылған жұмысты да бақылау қажет. Медицина саласында жұмыс істегендіктен, округте медициналық көмектің қолжетімді болуына үлес қосқым келеді», – деді Закиржон Умаров.

Кездесу барысында кандидат құрылыс саласындағы еңбек тәжірибесімен де бөлісті. Ол еңбек жолының басында Жамбыл облысындағы Амангелді газ құбырының құрылысында жұмыс істегенін еске алып, құрылысшыларға еңбегі үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде партиялық тізім бойынша кандидат, «Эндохирургия клиникасы» ЖШС бас директоры Салтанат Дженалаева Закиржон Умаровтың бастамаларын қолдап, №10 сайлау округінің тұрғындарын оған дауыс беруге шақырды.
Айта кетейік, «Әділет» партиясының Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген. Атап айтқанда, 57 жаңа мектеп салу, 90 шақырым жаңа көше салу, 360 шақырым қала көшесін жөндеу және 360 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сонымен қатар 90 көппәтерлі үйді күрделі жөндеу, 280 лифтіні ауыстыру және жаңғырту көзделген. Бағдарламада медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру да маңызды бағыттың бірі ретінде белгіленген.
*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.





