Астанада «Әділет» партиясының кандидаттары жастармен кездесіп, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру және алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау мәселелерін талқылады. Кездесу барысында партияның елорданы 2026-2031 жылдары дамытуға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға Астана қаласы мәслихатының депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар – Қазақстан Халық кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм және Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева қатысты.

Кездесу барысында жастардың жұмысқа орналасуына және жаңа кәсіптерді игеруіне мүмкіндік беретін жобаларға басымдық берілді. Ақмарал Олжабаева JOLTAP жобасы жұмысшы мамандықтарын меңгеруге, сондай-ақ SMM, мобилография сияқты цифрлық дағдыларды үйренуге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар «Жасыл ел» және жұмыспен қамту бағдарламалары жастарға еңбек тәжірибесін жинақтап, табыс табуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Кейде студенттер диплом алғаннан кейін таңдаған мамандығы өзіне сай келмейтінін түсінеді. JOLTAP қысқа мерзімде жаңа кәсіпті меңгеріп, сол бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осындай бағдарламаларды жалғастырып, жастардың жұмысшы кәсіптері мен IT саласында білім алуына, сондай-ақ педагогика мен медицинада алғашқы тәжірибе жинауына жағдай жасау керек деп ойлаймын», – деді Ақмарал Олжабаева.
Басқосуда елорданың инфрақұрылымдық дамуы да сөз болды. Ақмарал Олжабаева жаңа тұрғын үйлерді инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, 2023 жылдан бері қалада газ жылу станциялары салынып жатқанын жеткізді.

Ал Табиғат Зейнұлқабден партияның негізгі бес құндылығы – әділеттілік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс туралы айтты. Ол жастардың білімге ұмтылып, азаматтық жауапкершілікті сезінуі қоғамның дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Білімдеріңізді жетілдіріп, осы құндылықтарды ұстансаңыздар, бәріміз бірге таза әрі әділетті Қазақстан құра аламыз», – деді Табиғат Зейнұлқабден.
Айта кетейік, «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, қалалық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттары қамтылған.

Бағдарламаға сәйкес, JOLTAP жобасы аясында 6 мың адамды жұмысшы және цифрлық мамандықтарға оқыту, ал «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 3 910 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, 57 жаңа мектеп салу, 360 шақырым қала көшесін жөндеу және 360 ауланы абаттандыру көзделген.
* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.