Header Banner

5 келіден астам гашиш: пойыз жолсерігі мен сыбайласы есірткі ісі бойынша ұсталды

Бүгін, 17:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
5 келіден астам гашиш: пойыз жолсерігі мен сыбайласы есірткі ісі бойынша ұсталды
Фото: Көліктегі полиция департаменті

Көліктегі полиция қызметкерлері оңтүстік өңірлерден Астанаға есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Іс бойынша екі адам ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Биыл қазан айында «Түркістан – Павлодар» бағытындағы жолаушылар пойызының 39 жастағы жолсерігі ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 5 келіден астам гашиш тәркіленді.

Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткіні жеткізуші деген күдікпен 33 жастағы Жамбыл облысының тумасы анықталып, ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол есірткіні ақшалай сыйақы үшін өткізген.

Алдын ала бағалау бойынша, тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 18 миллион теңгеден асады.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір құқық бұзушылықтың мән-жайы анықталып, есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде үйдің шатырынан 25 келіден астам марихуана табылғаны туралы жаздық.