Header Banner

«Таза Қазақстан»: елордалық мектепте ерекше экокеңістік ашылды

Бүгін, 16:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: елордалық мектепте ерекше экокеңістік ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында №33 жалпы орта мектепте арнайы коворкинг алаңы ашылды. Бұл кеңістік оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Коворкинг алаңының безендірілуіне мектеп педагогтері мен оқушылары бірлесе атсалысқан. Ұстаздар кеңістіктің қабырғасына Қазақстан картасы мен «Таза Қазақстан» жазуын бейнелеп, ұлттық нақыш пен экологиялық идеяны үйлестірген.

Ал оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату арқылы түрлі бұйымдар мен шығармашылық жобалар әзірлеген. Осылайша, олар қажетсіз заттарды жарамды етіп, қоршаған ортаны қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп отыр.

Жаңа алаң тек шығармашылық жұмыстарға ғана емес, оқушылардың өзара пікір алмасуына да мүмкіндік береді. Бос уақытында мұнда дебаттар, кездесулер мен түрлі танымдық жиындар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар кеңістіктің ерекше қонағы – «Тазабек» атты робот. Ол оқушыларға тазалықты сақтаудың, қоршаған ортаны аялаудың маңызын үнемі насихаттап, экологиялық тәрбие беруге үлес қосады.

Айта кетейік, мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені таза әрі жайлы орта қалыптастыру әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.