Header Banner

Ұлттық қор, инвестициялық табыс және балаларға төлем: қаржы вице-министрімен сұхбат

Ұлттық қор, инвестициялық табыс және балаларға төлем: қаржы вице-министрімен сұхбат
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

15 қараша – Қазақстанда Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 1993 жылы дәл осы күні теңге айналымға енгізіліп, еліміздің дербес қаржы жүйесінің қалыптасуына жол ашылды. Бүгінде мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде Ұлттық қордың орны ерекше. Қорда қанша қаражат жинақталған? Оның активтері қалай өзгеріп жатыр? Бюджетке қанша қаржы аударылды және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қандай нәтижелер бар? Осы және өзге де сауалдарға ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

– Дәурен Өденұлы, алдымен Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Әңгімемізді Ұлттық қордың қазіргі жағдайынан бастасақ. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қор активтері қаншаға жетті? Соңғы жылдары қандай өзгеріс байқалады?

– Рақмет! 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 79,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 73,8 млрд доллар, 2024 жылы 66,2 млрд доллар, ал 2023 жылы 65,7 млрд доллар болған.

Осылайша, 2025 жылдың қорытындысымен салыстырғанда биылғы бірінші жартыжылдықта Ұлттық қор активтері 5,5 млрд долларға ұлғайды. Ал 2023 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда өсім 13,6 млрд долларды құрады.

– Ұлттық қордың толықтырылуы да маңызды мәселе. Биыл қорға қанша қаражат түсті? Оның негізгі бөлігін қандай түсімдер құрап отыр?

– 2026 жылдың алғашқы он айында Ұлттық қорға жалпы 5,166 трлн теңге түсті.

Оның ішінде мұнай секторындағы ұйымдардан алынатын салықтар есебінен 3,743 трлн теңге түсті. Бұл жалпы түсімдердің 72,45 пайызын құрайды.

Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1,404 трлн теңге болды.

– Ұлттық қор республикалық бюджеттің маңызды қаржы көздерінің бірі екені белгілі. Биыл қордан бюджетке қанша қаражат аударылды?

– «2026 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Ұлттық қордан 2,77 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт қарастырылған.

Бүгінгі таңда аталған қаражат республикалық бюджетке толық көлемде аударылды.

– Ұлттық қор қаражаты тек жинақталып қана қоймай, инвестициялық басқару арқылы табыс та әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жыл мен биылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижелері қандай?

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі 15,09 пайызды құрады. Ақшалай есептегенде бұл – 8,72 млрд АҚШ доллары.

Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында инвестициялық кірістілік 3,5 пайыз немесе 2,28 млрд АҚШ доллары болды.

Бұл көрсеткіштер Ұлттық қор активтерін басқарудан алынған инвестициялық нәтижені сипаттайды.

– Ұлттық қордың халыққа тікелей әсер ететін бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. 2026 жылы қанша балаға қаражат есептелді және әр қатысушының шотына қанша қаржы түсті?

– 2026 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 2008 жылдан бастап 2025 жылды қоса алған кезеңде дүниеге келген шамамен 6,9 млн бала қатысты. Олардың 356 613-і кәмелет жасына толатын қатысушылар.

Биыл бағдарламаның әрбір қатысушысына 130,71 АҚШ доллары есептелді.

Бағдарлама іске қосылғаннан бергі үш жылда, яғни 2024-2026 жылдар аралығында, оған осы кезең бойы қатысқан балалардың әрқайсысына есептелген жинақтың жалпы сомасы 370,56 АҚШ долларын құрады.

– Сұхбатымызды кәсіби мерекемен аяқтасақ. Ұлттық валюта күніне орай әріптестеріңізге, еліміздің қаржы саласы қызметкерлеріне қандай тілек айтар едіңіз?

– Ең алдымен, барша әріптестерімді және еліміздің қаржы саласында еңбек етіп жүрген мамандарды Ұлттық валюта күнімен және кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Теңгенің айналымға енгізілуі – еліміздің экономикалық тәуелсіздігі жолындағы маңызды тарихи қадам. Бүгінде қаржы саласы қызметкерлері мемлекеттік қаражаттың тиімді басқарылуына, бюджет жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне және еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Бұл сала үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және әрбір шешімге мұқият қарауды талап етеді. Сондықтан қаржы жүйесінің дамуына еңбек сіңіріп жүрген мамандардың, сондай-ақ осы саланың ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Барша әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміздің қаржы жүйесі нығайып, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін!

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!