Header Banner

Тоқаев жемқорлыққа қатысты деректер халыққа ашық жарияланатынын айтты

Бүгін, 15:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тоқаев жемқорлыққа қатысты деректер халыққа ашық жарияланатынын айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар халыққа ашық көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард доллардан асады.

Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.

Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы осы саладағы мәселенің бәрі ашық айтылатыны, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсе жасырылмай, барлығы халыққа ашық көрсетілетінін айтты. 

«Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.