Көктал-1 тұрғын алабындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қарттарым, аман-саумысың?» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Нұра» ауданы Ардагерлер кеңесі мен «Нұра» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен бірлесіп ұйымдастырған ізгі шараның басты мақсаты – қамқорлықтағы қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың өміріне қуаныш пен шаттық сыйлау, өнер арқылы рухани қолдау көрсету.

Концерттік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі ән-күйлерге толы болды. «Атамекен» ансамблі көрермендерге «Атамекен», «Желсіз түнде жарық ай», «От зари до зари», «Сұлу қыз» сынды танымал әндерді тарту етті. Сонымен қатар орталықтың өнерлі зейнеткерлері Қоңырат Үсенбаев Құрманғазының «Адай» күйін орындап, Сағи Жиенбаев «Қарттарым, аман-сау жүрші», Зарубек Асанов «Көз көргендер» әнімен тыңдарман көңілін тербетті. Роза Қуанышева «Я не могу иначе», «Снег кружится» әндерін шырқаса, Әбіш Жылқайдаров пен Кенже Жылқайдарова «Жайқалады тың дала» әнін орындады. Сондай-ақ Қошқар Мырзабаев, Базарай Алимова, Ерғожа Садвакасов, Қалибек Асылов сынды өнерпаздар әртүрлі жанрдағы қазақ және шетелдік әндерді нақышына келтіре орындап, концерттің мазмұнын байыта түсті.
Кеште шығармашылық ұжымды бастап барған ансамбль жетекшісі Жанат Боранқұлова жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
Көрермендер концертті зор ықыласпен тамашалап, әншілерге ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Қариялардың ақжарма алғысы мен қуанышты жүздері ұйымдастырушылар мен өнерпаздар үшін ең үлкен марапат болды.
«Мұндай игі бастамалар аға буынға деген құрметті арттырып қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайта түседі. Өнер арқылы көңілге қуаныш сыйлаған бұл кездесу қатысушылардың жүрегінде жылы естелік болып қалды», - деп пікір білдірді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Айнаш Уәлиева.