Header Banner

Ұлытау облысында «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының жүз шақырымы жөнделді

Бүгін, 13:54
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлытау облысында «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының жүз шақырымы жөнделді
Фото: видеодан скриншот/«ҚазАвтоЖол»

Ұлытау облысында республикалық маңызы бар «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автомобиль жолының 109 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, 143–252 шақырым аралығындағы учаскеде көлік қозғалысы толық ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап. 

Жөндеу жұмыстары Ұлытау елді мекенінен Қостанай облысының шекарасына дейінгі жол бөлігін қамтыды. Жоба жеті учаскеге бөлініп жүзеге асырылды. Жұмыс барысында 17 су өткізгіш құбыр жаңартылып, Балға көпіріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылды. 2025 жылғы қарашада 193–208 шақырым аралығындағы 15 шақырымдық учаске пайдалануға берілген болатын. Ал 2026 жылы қалған 94 шақырымда жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Жұмыстардың сапасын Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары бақылап отырды. Құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтау үшін зертханалық сынақтар жүргізілді», - делінген хабарламада. 

Автожолдың 109 шақырымының жаңартылуы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жүк және жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар Ұлытау облысы мен Қазақстанның солтүстік өңірлері арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.