Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан облысындағы Қызылқұм магистральды каналын реконструкциялау қайта бастады. Жобаны іске асыру шамамен 20 мың адам тұратын Алатау батыр ауылын су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ Шардара және Арыс аудандарындағы 63 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Реконструкция жұмысының қайта қолға алынуы министрліктің бұрын басталған су шаруашылығы жобаларын аяқтау бағытындағы жұмыстың нәтижесі болды. Бекітілген алгоритм аясында өткен жылдары құрылысы басталған, алайда ұзақ уақыт бойы аяқталмай қалған 10 нысандағы жұмысты кезең-кезеңімен аяқтау көзделген. Қызылқұм магистральды каналы құрылыс-монтаж жұмысы белсенді түрде қайта жанданған алғашқы нысанның бірі болды.
Министрліктің мәліметінше, каналдың ұзындығы 3,8 шақырым болатын учаскесін реконструкциялауға мердігер ұйым 2026 жылдың қазан айында, вегетация кезеңі аяқталып, суармалы су беру тоқтатылғаннан кейін кірісті. Жобаны іске асыру мерзімінің тығыздығы мен оның әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, министрлік мердігер ұйыммен бірлесіп, қажетті еңбек, техникалық және материалдық ресурсты жұмылдыру шарасын қабылдады.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау тәулік бойы үш ауысыммен жүргізіліп жатыр. Нысанда шамамен 250 маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс барысының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтардың толық көлемде жеткізілді. Құрылыс алаңының өзінде бетон қоспасын үздіксіз дайындап, жеткізуге және бетондауды жоғары қарқынмен жүргізуге мүмкіндік беретін бетон араластырғыш қондырғы орнатылған. Жобаға сәйкес, канал арнасының ішкі беті бетонмен қапталады. Бұл суды тасымалдау кезінде болатын шығынды едәуір азайтып, су ресурсын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қызылқұм каналын реконструкциялауды аяқтау – министрліктің басым міндетінің бірі. Құрылыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуіне, жұмыстың сапасына және нысанның уақытылы пайдалануға берілуіне ерекше назар аударып отырмыз. Жобаның іске асырылу барысы тұрақты бақылауда», - Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.
Еске сала кетсек, елімізде 746 канал реконструкцияланып жатыр.




