Header Banner

Сарапшы: Жолдауда экономиканың болашағына қатысты стратегиялық көзқарас байқалады

Сарапшы: Жолдауда экономиканың болашағына қатысты стратегиялық көзқарас байқалады
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында ел экономикасын жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау мәселелері қамтылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Төлендинова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының пікірінше, құжатта қысқа мерзімде шешуді қажет ететін міндеттермен қатар, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарлары да айқындалған. Әсіресе жол, энергетика, сумен жабдықтау, цифрлық инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды дамыту экономикалық өсімнің маңызды шарттары ретінде қарастырылады.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – шұғыл шешімдерді талап ететін міндеттер мен ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттардың өзара сабақтастығы. Құжатта инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән берілген. «Халықтық құрылыс» бастамасы автомобиль және теміржолдар, энергетика, сумен жабдықтау, инженерлік желілер, цифрлық инфрақұрылым, мектептер мен ауруханаларды қамтиды.

Сонымен қатар Азаматтық кодексті жаңарту, ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді әзірлеу және цифрлық экономика саласындағы бағдарламалық шешімдер де жүйелі өзгерістердің негізі саналады.

«Құжаттың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деген атауының өзі онда жоспарлаудың екі көкжиегі ұштасқанын көрсетеді. Бірінші кезекке шұғыл шешім қабылдауды талап ететін міндеттер шыққанымен, ұзақ мерзімді перспектива да айқын сақталған. Нақты тапсырмалардың астарынан Қазақстан экономикасының болашағына қатысты стратегиялық көзқарас байқалады», - деді Жанар Төлендинова.

Оның айтуынша, ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтын құжат әзірлеу жөніндегі тапсырманың да маңызы зор. Президент Әкімшілігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, ғылыми орталықтардың, соның ішінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қатысуымен тиісті құжат дайындау міндеті жүктелген.

Бұл жұмыс қолданыстағы жоспарлар мен стратегияларды қайта қарауға, ел дамуының алдағы бағыттарын нақтылауға және басқарушылық шешімдерді ұзақ мерзімді мақсаттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Сарапшы Жолдаудағы тапсырмалардың тағы бір ерекшелігі ретінде олардың нақты өмірлік мәселелерге негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшысы жол сапасы, автомобиль өткізу пункттерінің жағдайы, инженерлік желілердегі су шығыны және электр станцияларын пайдалануға берудің кешігуі сияқты мәселелерге тоқталған.

Жанар Төлендинованың пікірінше, мұндай нақты мәселелерге назар аудару ірі экономикалық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіретін жергілікті түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді. Өйткені ауқымды жоспарлардың нәтижесі көбіне күнделікті инфрақұрылымның сапасына байланысты.

Цифрлық экономиканы дамыту мәселесі де Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Сарапшы Қазақстанның бұл салада қалыптасқан инфрақұрылымы мен бәсекелік артықшылықтары бар екенін айтады. Атап айтқанда, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі, банк қосымшалары мен маркетплейстерді пайдаланудың кең таралуы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады.

«Ендігі қадам – осы әлеуетті азаматтардың өздері табыс тауып, кірістерін арттыра алатын мүмкіндіктерге айналдыру. Мәселеге қарау тәсілінің өзі де назар аударарлық: цифрлық экономика қарапайым қазақстандықтың күнделікті тұрмыстық міндеттері тұрғысынан қарастырылады», - деді сарапшы.

Оның сөзінше, цифрлық технологиялар азаматтардың нақты қажеттіліктеріне қызмет етуі керек. Мәселен, шағын фермердің сатып алушы табуы, ауылдағы өндірушінің маркетплейске шығып, өнім жеткізу мен төлем қабылдауды ұйымдастыруы маңызды. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын банктердің, сауда алаңдары мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет.

Сарапшының пайымдауынша, смартфон тек ақпарат алмасу құралы емес, азаматтың табыс табуына мүмкіндік беретін жұмыс құралына айналуға тиіс. Ал цифрлық инфрақұрылымның дамуы адамдардың тұрғылықты жеріне қарамастан, экономикалық мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасауы керек.

Жанар Төлендинованың пікірінше, Жолдаудың негізгі ерекшелігі – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарды халықтың күнделікті қажеттіліктерімен байланыстыру. Сапалы жол, тұрақты электр энергиясы, қолжетімді су және еңбек арқылы табыс табу мүмкіндігі экономикалық дамудың нақты көрсеткіштері саналады. Осы міндеттерді біртұтас стратегия аясында жүзеге асыру Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық жаңғыруына негіз болмақ.