Астана қаласында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымына жол бермеу және сертификатталмаған өнімнің сатылуының алдын алу мақсатында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың полиция департаментіне сілтеме жасап.
10 қарашада басталған шара 2027 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады. Оған Полиция департаментінің қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау органдарының өкілдері бірлесіп қатысады.
«Жедел-профилактикалық іс-шара аясында қала аумағында пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату деректерін анықтау, сертификатталмаған және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бұйымдардың айналымына тосқауыл қою, сондай-ақ оларды сақтау және сату қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, сауда орындары, базарлар, сауда павильондары, автокөліктер, уақытша сауда нүктелері және өзге де ықтимал заңсыз сауда орындары тексеріледі», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды рұқсат құжаттары мен лицензиясы жоқ тұлғалардың сатуына қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
«Мұндай өнімдерді ашық павильондарда, автокөліктерде, шатырларда, қолдан, сондай-ақ жерасты өткелдерінде және рұқсат етілмеген өзге де орындарда сатуға жол берілмейді. Қала тұрғындарын пиротехникалық өнімдердің заңсыз сатылу деректері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырамыз», - деп хабарлады Астана полициясы.
Еске салсақ, бүгін елордада терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтуде.