Header Banner

«Ифтар» емес – «ауызашар»: ҚМДБ қазақтың төл сөздерін қолдануға шақырды

Бүгін, 11:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Ифтар» емес – «ауызашар»: ҚМДБ қазақтың төл сөздерін қолдануға шақырды
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қоғамда араб сөздерін жиі қолданылуы мәселесін көтергеннен кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Діни басқарма ұстанымы бойынша, Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескеру қажет. 

«Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, «ифтар» мен «сухур» ұғымдарының тілімізде бұрыннан қалыптасқан «ауызашар», «сәресі» деген атаулары бар. Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқан. «Ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деген сөздер үлкенге де, кішіге де түсінікті. Осындай қалыптасқан атауларды қолдану арқылы діни дәстүрімізді де, тілдік мұрамызды да жалғастырамыз», – делінген мәлімдемеде. 

Мүфтият бұл ретте бес уақыт намаздың «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атаулары халқымыздың діни өмірінде әбден орныққанын еске салды. Күнделікті әңгімеде, уағызда және намаз кестелерінде осы атауларды қолдану көпшілікке түсінікті әрі тіліміздің қалыптасқан дәстүріне сай келеді.

«Кейбір азаматтардың өзара «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» және «сестра» деп тілдесуі жиі кездеседі. Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», – деді ҚМДБ өкілдері. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қоғамда соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кеткенін сынға алған болатын.