«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі азаматтарды сақ болуға және әуе сапарына дайындық кезінде күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, қаскүнемдер жолаушылардың сенімділігін пайдаланып, тыйым салынған заттарды тасымалдауға әрекет жасауы мүмкін. Осы мақсатта олар белгілі бір ақыға конвертті, сәлемдемені немесе багажды басқа қалаға не шет мемлекетке жеткізіп беруді ұсынады. Алғашында мұндай өтініш зиянсыз болып көрінсе де, жөнелтілімнің ішіндегі заттардың не екені белгісіз болса, бұл елеулі құқықтық салдарға әкеп соғуы ықтимал.
«Ең басты қағида – ішіндегі заттардың сізге белгісіз сәлемдемелер мен жүктерді тасымалдамау. Мұндай ұсыныстарды тіпті туыстарыңыздың танысы ретінде таныстырған адамдардан немесе ақшалай сыйақы ұсынған адамдардан да қабылдамаған жөн. Сондай-ақ жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз және бөгде адамдарға багажыңызға қол жеткізуге мүмкіндік бермеңіз», - делінген хабарламада.
Соның ішінде халықаралық әуе рейстері кезінде ерекше сақтық таныту қажет. Тауарларды немесе құндылықтарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу контрабанда ретінде саралануы мүмкін және бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
«Күдік тудыратын заттарды байқасаңыз, сәлемдемелерді тасымалдауға қатысты күмәнді ұсыныстар алсаңыз немесе құқық бұзушылықтың өзге де белгілерін анықтасаңыз, дереу полиция қызметкерлеріне немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз», - дейді авиация өкілдері.