13 қарашада елордадағы «Нұрлы жол» вокзалынан Stadler вагондарынан жасақталған жолаушылар пойызы алғаш рет Семейге жол тартады. Алғашқы рейске 467 билет сатылды. Бұл – пойыздағы барлық орынның 90%-ы, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа вагондар №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күнара қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 16:40-та аттанып, келесі күні таңғы 06:10-да Семейге жетеді. Кері бағытта Семейден сағат 15:00-де шығып, Астанаға келесі күні 05:05-те келеді.
Жаңа пойыз құрамы 13 вагоннан тұрады. Оның ішінде 5 купе, 5 плацкарт, 1 штаб вагоны және электр қуатымен қамтамасыз ететін 2 вагон электр станциясы бар.
Астана – Семей бағытында әйелдерге арналған арнайы вагон да сақталған. Бұл әйел жолаушылардың сапар барысында өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді.
«Аталған бағыттағы пойыз құрамының жаңартылуы – еліміздегі жолаушылар вагондары паркін жаңғырту бағдарламасының кезекті кезеңі. Бұл жұмыс теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті күшейтуге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған», - делінген хабарламада.
Stadler вагондары Қазақстанның климаттық ерекшелігіне бейімделген. Олар –50 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
Купе вагонында 40, ал плацкарт вагонында 58 жолаушыға арналған орын бар. Жолаушылардың жайлылығы үшін вагондар климатты бақылау жүйесімен, жеке жарық шамымен, 220 В электр розеткасымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк сақтайтын орындармен жабдықталған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін де арнайы жағдай жасалған. Сондай-ақ пойызда тамақтануға арналған буфет аймағы қарастырылған.
Аталған рейске билетті ҚТЖ-ның билет сататын сайтынан немесе теміржол кассасынан сатып алуға болады.
Еске салсақ, «Нұрлы жол – Алматы-2» бағытында жаңа Stadler пойызы қатынай бастағанын жаздық.





