Қазақстанда атом электр станциясын салу аясында Үлкен ауылын тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыта отырып, кешенді түрде өркендету жоспарланған. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесу барысында мәлімдеді , деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 33 мыңға дейін адам тұруға есептелген атомшылар қалашығы қолданыстағы ауылдың құрамына біріктіріледі. Мұнда тұрғын үй, мектеп, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталығы салынып, қонақүй инфрақұрылымы, қызмет көрсету саласы мен бизнес те дамытылады.
«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы», – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.
Жоспарлау кезінде АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандарды кейінгі кезеңде пайдалану мүмкіндігі де қарастырылады. Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін оларды ауылдың қажеттілігіне және кәсіпкерлікті дамытуға пайдалануға болады.
Заманауи цифрлық шешімді енгізуге де ерекше назар аударылады. Агенттік басшысының айтуынша, Үлкенді Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналдыру жоспарланып отыр. Ауылдың табиғи ландшафты мен орналасуы да демалыс пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар болашақ АЭС қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған оқу-жаттығу орталығын орналастыру көзделген.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір АЭС құрылысының қарқынды кезінде 15 мыңға дейін жұмысшы (инженер-құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, электр мамандары, автоматтандыру және сапаны бақылау жөніндегі мамандар) ал станцияны кейіннен пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың қызметкер (атом инженерлері, реактор қондырғыларының операторлары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі мамандар) қажет болады.
Кадрларды даярлау Қазақстанның бейінді оқу орындарымен, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің мамандандырылған білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, атом саласының қызметкерлеріне «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндігі ұсынылатыны хабарланды. Бағдарлама шеңберінде атом саласындағы жетекші шетелдік ұйымдарда магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алуға және тағылымдамадан өтуге арнайы квоталар қарастырылған.
Агенттік басшысы Үлкен ауылының дамуы жастарға жұмысқа орналасу мен кәсіби мансабын қалыптастырудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті. Сондай-ақ мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін айтты.