Header Banner

Әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны жеті есеге жуық артты

Әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны жеті есеге жуық артты
Фото: ДСМ

Елімізде әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланған дәрігерлердің саны екі жылдың ішінде 263-тен 1 760 адамға дейін өсті. Мемлекет медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы төлеу және коммуналдық шығынын өтеу мүмкіндігін кеңейтіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы әлеуметтік қолдауға 263 дәрігер ие болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 796-ға, ал 2025 жылы 1 760 маманға жетті. Осылайша, әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны 6,7 есеге артты.

Қолдау шаралары ең алдымен өңірлерге медициналық кадрды тартуға және оларды тұрақтандыруға, сондай-ақ халық үшін дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

«Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 84 мыңға жуығы – дәрігер, ал 196 мыңнан астамы – орта медицина маманы.

Сонымен қатар медициналық білім беру жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Қабылданған заңнамалық өзгерістер болашақ дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейтуді және кәсіби мамандану жүйесін дамытуды көздейді», делінген хабарламада.

Медицина қызметкерлерін қорғауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы кәсіби міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты қорқыту мен зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуына бақылау күшейтіледі.