Header Banner

Тоқаев: «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс

Бүгін, 12:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тоқаев: «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңыздылығын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды.
 
Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам.
 
Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас.
 
«Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты.
 
Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келеді. Ашығын айтсақ, бұл – арамдық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек», - деді Президент.

Сонымен қатар, Президент осы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, жалпы, тілімізді үнемі қолдайтын азаматтар белсене атсалысуы керек екеніне тоқталды.

«Бәріңізге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлына да алғыс айтамын.
 
Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!» - деді Мемлекет басшысы.