Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды

Бүгін, 12:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндетін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз.
 
Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын.
 
Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет.
 
Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді.
 
Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.
 
Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес», - деді Президент.