Президент «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ. Тарихи деректер мен мысалдар жеткілікті, мәселен – парсы, француз тілдерінің тарихы, ал қазіргі дәуірде ағылшын тілі бірінші қатарға шықты. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі аса маңызды. Университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша назар аударуы қажет.
Осы жерде тағы бір өзекті мәселеге тоқталып өткен жөн деп санаймын. Бұл – тілдегі бірізділік мәселесі. Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы мәселеге кең ауқымда қарап, ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеуді ұсынды. Ол бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келгенін атап өтті.
«Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ.
Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді.
«Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар.
Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние.
Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.
Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет.
Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.