Астанада суды зерттеу арқылы жобалық оқытуға арналған семинар өтті

Астанада суды зерттеу арқылы жобалық оқытуға арналған семинар өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Tanym» көпфункционалды кешенінде «AQUALAB» жобасының тірек мектептерінің мұғалімдеріне арналған «Суды зерттеу арқылы жобалық оқыту» тақырыбында практикалық семинар өтті. Іс-шара барысында педагогтер су сапасын зерттеу әдістерімен танысып, оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған жобаларды әзірлеу жолдарын үйренді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Семинарға «AQUALAB» жобасының 10 тірек мектебінен химия, биология және география пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ онлайн тіркеуден өткен Астана қаласының педагогтері қатысты.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы», Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығы және «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

Семинардың негізгі мақсаты – су сапасын зерттеу арқылы жобалық оқыту тәжірибесін тарату, мұғалімдердің кәсіби құзыреттерін арттыру және STEAM тәсілі мен зерттеу әдістерін білім беру үдерісіне тиімді енгізуге ықпал ету.

Бағдарлама теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға негізделген. Қатысушылар зертханалық жабдықтармен жұмыс істеуді, су сапасын анықтау әдістерін меңгеруді, эксперименттік деректерді жинау мен талдауды үйренді.

Сонымен қатар жергілікті жердегі экологиялық мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған оқушылардың зерттеу жобаларын әзірлеу жолдарын қарастырды.

«Біздің кешенде балаларға арналған арнайы зертхана ашылған. Бір жағынан, осы зертхананың мүмкіндіктерін таныстырғымыз келсе, екінші жағынан, Астана мен басқа өңірлердегі мектеп мұғалімдері бұл туралы біліп, оқушыларына насихаттаса дейміз. Жалпы, су қазіргі замандағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып барады. Сондықтан су мәселесі өте маңызды. Оны қалай үнемдеу керек, қолда бар ресурстарды қалай тиімді пайдалануға болады және су тақырыбында қандай жобалар жасауға болады – осының бәрін балаларға үйретеміз», – деді «Caravan of Knowledge» корпоративтік қорының директоры Дарын Серікұлы.

Семинар қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында «AQUALAB» үйірмелері мен факультативтерін дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған мектепішілік бастамаларды іске асыру және оқушылардың зерттеу жобаларын жүйелі түрде ұйымдастыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.