Астанада «Таза Қазақстан» бастамасы аясында пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қайта өңдеуге жинайтын «Sparklo» фандоматтар желісі таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Zero Waste» компаниясымен серіктестікте, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ қолдауымен іске асып жатыр.
Тұрғындарға фандоматтың жұмысы, шикізатты автоматтандырылған түрде қабылдау жүйесі және қалдықтарды бөлек жинауға қызықтыру тетіктері көрсетілді.
«Біздің жобамыздың сұранысқа ие болғаны қуантады. Астананың өзінде 2 миллионнан астам бөтелке мен құты жинадық. Ал еліміз бойынша қайта өңдеуге жіберілген өнім көлемі 5 миллионнан асты. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – тұрғындарды ынталандыру жүйесі. Пайдаланушылар тапсырған шикізаты үшін ұпай жинап, оны мобильді қосымшадағы сыйақыларға немесе серіктестердің бонустарына айырбастай алады», – деді «Sparklo Kazakhstan» компаниясының бас директоры Татьяна Ашрафзянова.
Оның сөзінше, жобаға балалардың қызығушылығы да жоғары. Ата-аналар балаларын фандоматқа бірге ертіп келіп, қалдықты сұрыптаудың маңызын күнделікті өмірде үйретіп жүр. Бұл өз кезегінде экологиялық жауапкершілікті ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазір ел аумағында 53 фандомат орнатылған. Жобаға қатысушылар саны 100 мың адамнан асты. Астанада да фандоматтар желісі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.
Жобаның негізгі мақсаты – қалдықты қайтадан шаруашылық айналымына енгізу, шикізатты қайтадан тиімді пайдалану, бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және қайта өңдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру. Мамандардың пікірінше, мұндай бастама қалдық көлемін азайтып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да мүмкіндік береді. Пластик бөтелке мен алюминий құтыны арнайы құрылғыларға тапсыру арқылы әр азамат қоршаған ортаны қорғауға үлесін қоса алады.