Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдап, пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жолдауда мен үшін әлеуметтік блоктың маңызы ерекше. Ең төменгі жалақыны көтеру, денсаулық сақтау саласының алғашқы буынындағы қызметкерлердің еңбекақысын арттыру, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары және басқа да әлеуметтік нысандар салу қазақстандық отбасылардың өмір сүру сапасына тікелей қатысты», - дейді Назгүл Мақжан.
Ол, сонымен бірге, Президенттің әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау қажеттігі туралы мәлімдемесіне тоқталды.
«Президенттің әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау қажеттігі туралы мәлімдемесі өте байыпты көзқарасты талап етеді. Көмектің нақты мұқтаж жандарға бағытталуы, әрине, қажет. Алайда әрбір санның артында нақты бір отбасы, бала, бала тәрбиелеп отырған әйел, мүгедектігі бар адам немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасы тұрғанын ескеруіміз керек.
Сондықтан жаңа тетіктерді алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу тәсілін толық қолдаймын. Әлеуметтік реформаны тек бюджет қаражатының қаншалықты үнемделгеніне қарап бағалауға болмайды. Басты өлшем – шын мәнінде көмекке мұқтаж адамның қолдау жүйесінен тыс қалмауы», - деді ол.
Сарапшы тоқталған тағы бір маңызды мәселе – отбасыларға арналған инфрақұрылым.
«Демографиялық саясат туралы сөз қозғағанда, тек бала туу көрсеткішіне ғана назар аудару жеткіліксіз. Отбасына қолжетімді медициналық көмек, білім беру, оңалту қызметтері, қауіпсіздік, лайықты табыс және ертеңгі күнге деген сенімділік қажет. Мемлекеттің мықты отбасылық саясаты дәл осы құрамдас бөліктерден қалыптасады», - дейді спикер.