«Халықтық құрылыс» және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік: депутат Президенттің Жолдауына пікір білдірді

«Халықтық құрылыс» және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік: депутат Президенттің Жолдауына пікір білдірді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасы ең алдымен болашақ ұрпақтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айрат Бәзенов пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың айтуынша, елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым салумен қатар, балалардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында еліміздің алдағы дамуына қатысты маңызды міндеттер айқындалды. Соның ішінде «Халықтық құрылыс» бастамасына болашақ ұрпақтың мүддесі тұрғысынан қарағым келеді.

Бүгінде Қазақстанда 7 миллионға жуық бала өсіп келеді. Бұл – еліміздің үлкен демографиялық мүмкіндігі. Алайда халық санының көбеюі өздігінен елдің өркендеуіне кепілдік бермейді. Бәрі сол балалардың қандай білім алып, қандай қоғамда өмір сүретініне байланысты», – деді Айрат Бәзенов.

Оның сөзінше, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың қарқынды дамуы білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан мектептің міндеті оқушыға дайын ақпаратты меңгертумен ғана шектелмеуі қажет.

«Біз балаларымызды өзіміз толық болжай алмайтын болашаққа дайындап жатырмыз. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар көптеген кәсіптің мазмұнын өзгертуде. Мұндай жағдайда мектеп баланы дайын жауаптарды жаттауға емес, өздігінен ойлануға, ізденуге, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі қажет.

Біз адам капиталын дамыту туралы жиі айтамыз. Бірақ осы ұғымның астарындағы маңызды мәселені ұмытпауымыз керек. Адамды тек экономиканың қажеттілігін өтейтін ресурс ретінде қарастыруға болмайды. Білімнің мақсаты еңбек нарығына маман даярлаумен шектелмейді. Ол адамның қабілетін ашуға, дүниетанымын кеңейтуге, еркін ойлайтын, жауапкершілігі бар тұлға болып қалыптасуына қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті депутат.

Айрат Бәзенов цифрландыру үдерісінде де адам мүддесі басты орында қалуы керектігіне назар аударды. Оның пікірінше, технологиялық прогресс азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне, қоғамдағы адами қарым-қатынасқа кері әсер етпеуі тиіс.

«Цифрландыруға да осы тұрғыдан қараған жөн. Технологиялық жетістіктер адамның өмірін жеңілдеткенімен, оның қадір-қасиетіне, құқықтары мен еркіндігіне, қоғамдағы адами қарым-қатынасқа ешбір нұқсан келтірмеуі қажет. Технология қаншалықты дамыса да, адамның орны мен құндылығы төмендемеуі тиіс», – деді ол.

Депутат «Халықтық құрылыс» бастамасының нәтижесін салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халыққа тигізетін нақты пайдасымен бағалау қажет деп есептейді.

«Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызын осы мәселелермен байланыстырамын. Жаңа мектептер, ауруханалар, жолдар мен ғылыми орталықтар салу – елдің дамуы үшін қажетті іс. Бірақ олардың шынайы құндылығы адамдарға қаншалықты пайдалы болатынымен анықталады.

Біз балаларымызға сапалы білім берумен қатар, сол білімін туған елінде жүзеге асыра алатын жағдай жасауымыз керек. Ол үшін әділетті қоғам, заң үстемдігі, адал еңбек пен ғылымды бағалайтын орта қажет», – деді Айрат Бәзенов.

Сөз соңында депутат бүгін қабылданатын мемлекеттік шешімдердің нәтижесі келешек ұрпақтың өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз бүгін қандай мемлекет құрып жатқанымыздан көрінеді. Өйткені балаларымыз біз қабылдаған шешімдердің нәтижесімен өмір сүреді.

Сондықтан «Халықтық құрылыс» ең алдымен адамға, оның бүгінгі өмірі мен ертеңгі болашағына қызмет етуі керек», – деп түйіндеді депутат.