Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген ауқымды құрылыс бастамасы ел экономикасын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты Қанат Естек пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктерінің бірі – халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелерге назар аударылуы. Әсіресе, құрылыс саласының болашағы мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты бастамалардың маңызы зор.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ел болып тыңдадық. Әр Жолдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен биылғы Жолдау халықтың көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап бергенімен маңызды болды. Соның ішінде құрылыс саласының алдағы дамуына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды. Бұл – тек Астана тұрғындарын ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі азаматтарды толғандырып отырған мәселе», – деді Қанат Естек.
Ол Президенттің Ұлттық қор қаражатын елдің болашағына қызмет ететін жобаларға бағыттау туралы ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
«Ұлттық қордағы қаражатты жинақтау маңызды. Бірақ оны ел игілігіне тиімді жұмсай білуіміз керек. Президент атап өткендей, біз болашақ ұрпаққа тек қаржы ғана емес, экономикасы қуатты, жан-жақты дамыған мемлекет қалдыруға міндеттіміз. Сондықтан қордағы қаражатты тиімді пайдаланып, бүкіл Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру бастамасын қолдаймын», – деп атап өтті ол.
Қанат Естек ауқымды құрылыс бастамасының әлеуметтік маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, жаңа медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының салынуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
«Мемлекет басшысы перинаталдық орталықтар салу, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту және дамыту орталықтарын ашу мәселелеріне назар аударды. Бұл – халық үшін аса маңызды бастамалар. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту елдің барлық өңірінде жүйелі жүргізілуі керек. Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы да осы мақсатқа бағытталған», – деді Қанат Естек.
Оның сөзінше, Жолдауда көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше мән берілді. Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін арттыру үшін автомобиль жолдарын жаңғырту және шекарадағы өткізу рәсімдерін жетілдіру маңызды.
«Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік бағытта орналасқан. Сондықтан халықаралық жүк тасымалындағы мүмкіндіктерімізді жоғалтпау үшін жолдарды кеңейтіп, инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Сонымен қатар шекарадағы кептелістерді азайту, өткізу бекеттерін жаңғырту және рәсімдерді цифрландыру мәселелері де маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар ел экономикасының дамуына ықпал етеді», – деді ол.
Қанат Естек әуе қатынасын дамытуға қатысты бастамаларды да қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, туған жері Арқалықтағы әуежайдың қалпына келтірілуін өңір үшін маңызды жаңалық деп бағалады.
«Өзім Арқалықтың тумасымын. Сондықтан Президенттің әуежайлар туралы айтқан сөздері мен үшін ерекше маңызды болды. Арқалық әуежайының қалпына келтірілгенін жақында өз көзіммен көріп қайттым. Басқа өңірлерде де әуежайларды дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Астанада жаңа әуежай салу мәселесі айтылды. Мұның бәрі елдің көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Қанат Естек.
Ол ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыруда кәсіпкерлер мен инвесторлардың рөлі зор екенін атап өтті.
«Елімізді ауқымды құрылыс алаңына айналдыру үшін құрылыс компанияларына, кәсіпкерлер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау қажет. Өйткені елдегі құрылыс пен өндірістің дамуы кәсіпкерлердің белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан бизнеске түсетін салмақты ескеріп, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды», – деді ол.
Қанат Естектің пікірінше, кәсіпкерлікті қолдау шаралары нақты экономикалық нәтижеге бағытталуы тиіс.
«Салық жүйесі кәсіпкерлерге түсінікті әрі қолайлы болуы керек. Жалпы, биылғы Жолдауда елдің дамуына қатысты маңызды міндеттер қойылды. Ендігі мәселе – сол бастамаларды нақты іске асыру», – деп атап өтті ол.
Сөз соңында Қанат Естек Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты әрекет қажет екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Жолдауының соңында «Әрекет түбі – берекет» деген сөз айтты. Шынында да, алдымызға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты әрекет қажет. Ең бастысы, қолға алынған жұмыстар халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс», – деп түйіндеді Қанат Естек.